Түркістан облысы әкімдігінің бұрынғы басқарма басшысы мен оның орынбасары 8 жылға сотталды

Түркістан қалалық сотында ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасының бұрыңғы басшысы мен оның орынбасарына сот үкімі шықты.
Екі азамат та мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, өздерінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып, оңай жолмен пайда табуды көздеген. Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі бөтен мүлікті иемденіп алып отырған.
2020 жылғы 28 ақпаннан бастап 2021 жылғы 10 қараша аралығында Түркістан облысы әкімі аппаратына қарасты Ішкі саясат бөлімдері арқылы әр түрлі саладағы іс-шараларға, солардың мемлекеттік сатып алу конкурстарына өздерінің таныстары арқылы қатысып, оларды ұтып алып, олардың тарапынан шын мәнінде жобалар орындалмағанын біле тұра, бюджеттен бөлінген аса ірі мөлшердегі ақша қаражаттарын иемденген. Жалпы мемлекеттік бюджет қаражатының 229 532 581, 57 теңгесін талан - таражға салып, мемлекетке аса ірі мөлшерде зиян келтірген.
Сот, іс материалдарын толық зерделеп, тараптардың уәждерін тыңдап, сараптамалардың қорытындылары, жәбірленуші өкілімен мен куәлардың жауаптарына сәйкес сотталушылардың жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтары толығымен дәлелін тапты деген қорытындыға келді.
Күдіктілерді тағылған айыптау бойынша кінәлі деп танылып, оларға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Сотталғандар жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейтін болады.
«Басқарма басшысы мен оның орынбасарына қолданылған бұлтартпау шарасы өзгертіліп, олар сот залынан дереу қамауға алынды және үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұсталады. Ал, сотталушы ЖШС-нің директоры 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, ҚК-нің 63-бабын қолданып, тағайындалған жаза шартты деп саналды. Себебі, сотталушы мемлекетке келтірген 73 800 000 теңге материалдық залалды толығымен өтеген. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Үкіммен келіспеген тарап апелляциялық шағым келтіруге құқылы» - делінген Түркістан облыстық сотыының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.