Түркістан облысында 9 бен 11-сынып оқушылары мектептен оқиды

Мәлім болғандай, Түркістан облысында III тоқсанда қашықтан оқу жалғасады. Тек 1-5 сынып, 9 бен 11-сынып оқушылары, яғни бітіруші сыныптар санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектепте оқитын болады.
Түркістан облысында оқушылар компьютермен 100% қамтылған. Мектептерде компьютерлерге қажеттілікті жою үшін ҚР Үкіметі резервінің қаражатынан 57 190 компьютер сатып алынды. Сондай-ақ, мектеп қорынан, жергілікті бюджет пен демеушілер есебінен сатып алынған 28 101 компьютер оқушыларға берілді. Облыс аумағындағы 918 мектептегі оқушылардың жалпы саны – 499 975.
Сондай-ақ отырыста білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге өткізу мәселелері, яғни білім саласындағы басқару жүйесінің өзгеруіне қатысты атқарылған жұмыстар баяндалды.
Облыс аумағында коронавирус инфекциясымен күрес жұмыстарының барысы да сөз болды. Бір апта ішінде өңірде Covid-19 вирусын жұқтырған 56 адам тіркелген. Өсу үрдісі байқалған Мақтаарал, Жетісай мен Сайрам аудандарында шектеу шараларын қатаңдату жұмыстары жүргізілуде.
Ө.Шөкеев аудан, қала әкімдеріне кемшіліктерді жоюды, ал оған жол берген жауапты лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруды жүктеді.
«Қайтадан тәртіп орнатыңыздар. Кей жерлер, әсіресе мейрам күндерінен кейін босаңсып кетіп жатыр. Бұған жол бермеу керек. Арақашықтықты сақтау мәселесін, маска режимін, карантин шектеулерінің сақталуын қатаң қадағалау қажет. Барлық аудан, қала әкімдері бұған тікелей жауап береді», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Өмірзақ Шөкеев аппарат мәжілісінде Түркістан қаласын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қаланы көркейту, көгалдандыру мәселелері мен инфрақұрылымды дамытуды күшейтуді баса айтты.
Бұдан бөлек, су қоймаларының құрылысы мен көлдер жүйесінің жаңартуын көктемге дейін толық аяқтауды міндеттеді.