Түркістан облысында балабақша мемтапсырысындағы жемқорлық жайында шағымдар болған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағым түсті. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында балабақша мемтапсырысындағы жемқорлық жайында шағымдар болған

«Мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағымдар болды. Енді бұл ақпарат зерттеліп, тексеру қорытындысы бойынша шара қабылданады. Есеп беру кездесуінде қойылған сауалдың барлығына жауап бергеннен кейін аудандардың, қалалардың білім бөлімдері мен колледж басшыларымен жеке жиын өткіздім», - деп мәлімдеді Асхат Аймағамбетов Түркістан облысына сапарын қорытындылай келе.

Министрдің айтуынша, аталған өңірде білім саласы бойынша бірқатар шешілмеген мәселе бар.

«Түркістан облысында білім басқармасының қазіргі басшысының тағайындалғанына аз ғана уақыт болды. Енді оның алдында қордаланған мәселелерді шешу бойынша маңызды міндеттер тұр», - дейді ол.

Сондай-ақ, А. Аймағамбетов Түркістан облысының тұрғындарына білім саласына бейжай қарамайтындығы үшін алғысын айтты.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі аталған өңірде мұғалімдер мен мектеп директорлары арасындағы қарым-қатынастың мәз еместігін айтқан еді.