Түркістан облысында бес жылда 14 адам сібір жарасын жұқтырған

Атап айтқанда, 2019 жылы Түлкібас ауданында 2 жағдай, 2021 жылы Кентау қаласы мен Сарыағаш, Шардара аудандарында 7 жағдай, 2022 жылы Қазығұрт, Келес, Түлкібас аудандарында 5 жағдай тіркелген.
«Жүргізілген зерделеулер нәтижесінде науқастардың көп жағдайда ауру малды лажсыздан сойып, бөлшектеп, боршалағаны анықталды. Ал, биыл Сібір жарасы ауруы өңірде анықталмады. Жалпы, бұл – жануарлар мен адамдар арасында тіркелетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдайды, көп жағдайда терінің, кейде өкпенің, ішектің қабынуын және зақымдануын тудырады. Инфекция көзі – ауру жануарлар. Адам олардың өнімдерін тұтынудан немесе оларға күтім көрсеткеннен немесе жанасу арқылы жұқтырады», - дейді Түркістан облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Н. Нышанов.
Мамандардың сөзінше, инфекция инкубация кезеңінде ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күнге дейін созылады. Сібір жарасын жұқтырған жағдайда дене қызуының көтерілуі, теріде жараның пайда болуы, ісіну, ауыр формаларында қанды іш өту және құсу, іш аурулары сияқты клиникалық белігілер пайда болады. Медициналық көмекке уақытылы жүгінбеудің салдары тіпті өлімге әкеліп соқтыруы ықтимал.
«Тұрғындар ет сатып аларда ветеринарлық зертханадан өткендігі туралы анықтаманы талап еткендері дұрыс. Себебі, кейбір адамдар ауырып тұрған малын тез арада сойып алып, сатылымға шығарады, ол сібір жарасымен ауырған малдың еті болуы әбден мүмкін. Сондықтан, етті санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкес, ет сататын арнайы орындардан алуға мән бергеніңіз жөн. Малдың етін ветеринариялық мамандардың рұқсатынсыз пайдалануға жол берілмейді, төрт түлік мал асыраумен айналысушы азаматтар жануарларына уақытылы екпе салдыруы қажет», - дейді Н. Нышанов.