Түркістан облысында екіге бөлініп кеткен ауылды біріктіру мәселесі көтерілді

Түркістан облысында Құсшы ата деген ауыл бар. Бүгінде бір жолдың бойында орналасқан ауыл екіге бөлініп кеткен. Яғни жолдың бір беті Кентау қаласына қараса, екінші жағы Сауран ауданына тиеселі. Сондықтан Сауран жағындағы ауылдың мұғалімі жалақысына қосымша экологиялық үстемеақы алады. Ал Кентауға қарайтын мектептің мұғалімдеріне мұндай мүмкіндік берілмеген. Ал бәрінің жұтып отырғаны – бір ауа.
Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібековтың кентаулықтармен кездесуіне арнайы келген Құсшы ата ауылының тұрғындары аталған мәселені сөз етіп, екіге бөлінген ауылды біріктіріп беруін сұрады.
«Біздің ауылда өзекті мәселелер көп. Ал оны шешу үшін жолдың екі бетіндегі ауылды біріктіріп, Кентау қаласына қосу керек. Бұл іске халықта қарсы емес. Жүргізілген сауалнамада жергілікті тұрғындардың 90 пайызы келісімін беріп отыр» - деді қоғамдық қабылдауға келген ауыл тұрғыны Мәулен Мұсаханов.
Сондай-ақ халық қалаулысы өткізген қабылдауда қала тұрғыны Қызтумас Алдашүкірова Ы.Алтынсарин көшесі №11 үйдің апатты жағдайда тұрғанын сөз етті. Жарықтарының жиі өшетінін, су мен кәріз жүйесінің ескіргенін, тіпті кіреберістегі кірпіштері құзданып құлауға айналғанын жеткізді. Аталған мәселеге орай республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын жүргізілсе деген ұсынысын айтты.
Ал Кентаудың құрметті азаматы Мираш Әшірова М.Әуезов атындағы №22 мектептің мәселесін көтерді. Бүгінде аталған мектепте оқушы сыйымдылығы жетпей жатыр. Сондықтан білім ордасының қасына қосымша ғимарат салынуы қажет. Оған мектептің ауласында жер жеткілікті.
Қоғамдық қабылдауда ақылы қоғамдық жұмыс атқаратын жұмысшылар жалақысының аздығы айтылды. Ал жасыл ел жасақтарының атынан келген жастар еңбек жасағына қосымша қаржы бөлініп, жұмысшы жастардың санын көбейту керектігін сөз етті.
Мәселелермен мұқият танысқан Ұласбек Сәдібеков барлық мәселені арнайы жазып алды. Алдағы уақытта айтылған жағдайларды терең зерттеп, оң шешілуіне атсалысатынын жеткізді.
Мұнан соң, халық қалаулысы қаладағы №5 ЖЭО жұмысымен танысты. Бұдан бөлек, жөндеуден өтіп жатқан тұрғын үйлерді көрді. Сондай-ақ қоғамдық қабылдауда тұрғындар айтқан Ы.Алтынсарин көшесіндегі №11 үйде болып, тұрғындармен кездесті.
Халық қалаулысы сала мамандарына аталған жағдайды назарға алу керектігін тапсырды. Ал туындаған мәселелерді Парламент қабырғасында көтеріп, тиісті министрліктерге жеткізетінін айтты.