Түркістан облысында этнос өкілдері ұлттық өнерді ұлықтады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында этнос өкілдері домбыра тартып, ұлттық әндерді орындаудан сайысқа түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

Түркістанда «Үкілі домбыра» байқауы өтті. «Ұлттық домбыра» күні мен Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай тұңғыш рет ұйымдастырылған іс-шараның өтуіне облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болды.

Байқауда қала, аудандардан келген этнос өкілдері дәстүрлі әндерді айтып, күй тартты. Термені нақышына келтіріп орындады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған шарада өңірлерден келген өнерпаздар бар өнерін ортаға салды.

Қорытындысында үздік деп танылған қатысушылар арнайы марапатқа ие болды.


Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов іс-шараның мән-маңызына тоқталып өтті.

«Ұлттық домбыра» күні мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі өткізіліп отырған байқау - кешегі Тәттімбет, Құрманғазы аталар мен Дина әжелеріміздің ізін басар өнерпаздардың тұсауын кеседі деп сенемін», - деді ол.

«Дәстүрлі ән орындау» сынында Мұратжан Атажановтың бағы жанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Дильноза Таджимет еншілесе, үздік үштікті Элина Букаева қорытындылады.


«Күй орындау» сайысында Алина Миркамалова бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды Любовь Печайкина иеленді. Ал үшінші орын Асуман Пашаға бұйырды.

«Терме орындау» кезеңінде жүлделі орындарды Мұратжан Атажанов пен Алина Миркамалова жеңіп алды. Сонымен қатар байқауға қатысқан өзге өнерпаздар мен жетекшілері Алғыс хаттармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар