Түркістан облысында карантин талаптарын сақтамаудың 6000-нан астам дерегі анықталды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 6035 карантин талаптарын сақтамау дерегі анықталып, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері 4778 хаттама толтырған. Оның ішінде той мен құдалық өткізуге қатысты 569 жайт тіркелген болса, 2271 дерек үйінде түрлі іс-шаралар өткізген тұрғындарға қатысты тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Мақтаарал ауданында карантин талаптарын сақтамаған 313 жайт анықталған.
«Мәселен, Өркениет ауылында 80 адам қатысқан көкпар ойыны анықталған. Полицейлер көкпар ойынын тоқтатып, оған жиналған тұрғындарды таратқан.
Одан бөлек, Атакент ауылында ұйымдастырылған рейдтік тексеру жұмыстары кезінде дәмханалар қызметкерлерінің бетпердесіз қызмет көрсетіп жүргені анықталған» делінген хабарламада.
