Түркістан облысында қылмыс саны едәуір төмендеді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері Түркістан облысында қылмыс саны айтарлықтай төмендеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру және алдын алу іс-шараларының нәтижесінде биылғы жылдың 3 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жасалған қылмыс саны 18,2 %-ға азайған.
«Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 25,7 пайызға, көшерде жасалған қылмыс 26,2 пайызға төмендеді. Жол көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 17,7 пайызға азайған. Соның арқасында өлім-жітім 36,6 %-ға және жарақат алған азаматтар саны 21,1 пайызға азайған. Осы уақыт аралығында бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау, қарақшылық, зорлау саны да қысқарған», делінген хабарламада.
Облыс бойынша бүгінгі күні 61 блок бекет жұмыс істейді. Оның екеуі республикалық маңызы бар жолдарда орналасқан. Онда да 300-ге жуық полиция қызметкері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Тәртіп сақшылары күні бүгінге дейін блок бекеттерде 100 мыңнан астам жүк, жеңіл және жолаушылар автокөлігін тексерген.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарды төтенше жағдай режимін сақтауға шақырады. Карантин тәртібіне түсіністікпен қарап, аса қажет болмаған жағдайда үйден шықпауға кеңес береді. Тәртіп сақшылары осы мақсатта облыс аумағында қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда азаматтарды жауапкершілікке тарту, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты бақылау жүргізіп жатыр.
Мәселен, төтенше жағдай режимі басталғалы бері облыс полицейлері 200-ден астам заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 80 тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік айыппұл салынып, 4-уіне ескерту жасалынды және 50-ден астам тұрғын әкімшілік қамауға алынды. Сотта 59 әкімшілік іс қаралды. Жалған ақпаратты таратудың 9 жайты анықталды. Тексеру шаралары жүргізіліп, жалған ақпарат таратушылар ҚР ҚК 274-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.