Түркістан облысында полиция 101-ге келген қарияға жаңа төлқұжат жасап берді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында полиция 101-ге келген қарияға жаңа төлқұжат жасап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде облыста ҚР азаматтарының құжаттарын рәсімдеу немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды куәландыру, мәртебесі реттелмеген адамдарды, яғни 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен жүрген тұлғаларды анықтап, құжаттандыру мақсатында арнайы акция өтіп жатыр.
Көші-қон қызметі тобының аға инспекторы Нұрман Шыңғысбаев құжаты жоқ, немесе мерзімі өткен тұлғаларды анықтап, құжат алуына көмек көрсетті. Тәртіп сақшылары тарапынан құрылған арнайы мобильдік топ жүріп-тұруы қиын азаматтардың үйіне барып, суретке түсіріп, құжатын рәсімдеген.
Мәселен, Түркістан облысында 101 жастағы ана Нури Юлдашева полицейлерге төлқұжатының мерзімі өткенін хабарлаған. Жүріп-тұруы қиын болғандықтан Нұрман Шыңғысбаев жаңа төлқұжатты рәсімдеп үйіне апарып берді. Ғасыр жасаған кейуана Түлкібас ауданында тұрады. Қазіргі таңда әже 1 ұл, 1 қыз, 10 немере, 27 шөбере, 51 шөпшек сүйіп отыр.
Кейуананың қызы полиция қызметкерлерінің атқарған жұмысына алғыс айтты.
«Көші қон қызметкерлеріне, Түлкібас ауданының полиция басшысына рақмет айтамын. 101-ге келген апамды әуре қылмай, шаршатпай, рәсімдеп жаңа куәлікті үйімізге әкеліп берді», - деді ол.