Түркістан облысында су тасқынымен күрес: 11 шақырым арық қазылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы су тарту жұмыстары осы аптада аяқталады, деп хабарайды ҚазАқпарат тілшісі.

Толассыз жауған жаңбыр Мақтарал мен Жетісай аудандарының тұрғындарына қолайсыздық тудырды. Жауын-шашын мөлшері 16 күнде бір айлық нормадан 68%-ға дейін асып түскен. Қос ауданда су тарту жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов хабарлады.

Ағынды суды бұру үшін 11 шақырымнан астам арық қазылған. 96 шақырымдық 32 канал мен 241 шақырым болатын 121 коллектор тазартылды.

«Жұмыс басталғаннан бері 600-ден астам аула аумағынан 214 416 текше метр су тартылды. 24 каналдағы судың деңгейі төмендетілді. Жағдайдың күрделенуіне байланысты облыстың басқа да аудандарынан ТЖД құрылымдық бөлімдерінің күші жұмылдырылды. Жалпы бұл жұмыстарды 337 қызметкер атқарып, 131 мотопомпа және 37 техника пайдаланылды. Аулалардан және үйлерге жақын аумақтарды судан тазарту бойынша тұрғындар өтініші азайып келеді», - деді департамент бастығы.

Судан тазарту жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Облыс аумағында күн райы да күрт жылына бастады.

Айта кетейік, Түркістан облысында үй мен аулаларды жаңбыр суынан тазарту жұмыстары наурыздың ортасында басталған болатын.



Соңғы жаңалықтар