Түркістан облысында тұралап қалған Қажымұқан спорт кешенінің құрылысы қайта жалғасады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында құрылысы тоқтап қалған Қажымұқан мемориалдық спорт кешені қайта салынады. Бұл туралы Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында тұралап қалған Қажымұқан спорт кешенінің құрылысы қайта жалғасады

Мемориалдық спорт кешенінің құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен биыл 338 млн теңге бөлініп отыр. Қазір құжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, алдағы бір ай ішінде құрылыс жұмыстары қайта басталады. Мұнда күш атасы Қажымұқан атындағы мұражай және спорт алаңы мен қонақ үй салынады.

«Жалпы, жоба құны 1,5 млрд теңгенің көлемінде. Келесі жылы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі», - деді Нұрбек Бадырақ.

Айта кетейік, Қажымұқанның 150 жылдығына орай 2020 жылы Ордабасы ауданында спорт кешенінің іргетасы қаланған болатын. Кейіннен қаржының тапшылығына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалды.