Түркістан облысында жергілікті тұрғынды ұрып, бетіне түкірген полицей қызметінен босатылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жергілікті тұрғынды ұрып, бетіне түкірген полицей қызметінен босатылды. Оның үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Айта кетейік, Инстаграм әлеуметтік желісінде бір жігіттің екіншісін ұрып, оны балағаттаған түсірілген бейнекөрніс тарап кеткен болатын. Дөрекілік танытқан ер адам тіпті екінші жігіттің бетіне түкіріп кеткен еді. Кейіннен күш көрсеткен азаматтың тәртіп сақшысы екені белгілі болды. Ол Түркістан облысы, Шардара ауданындағы табиғат қорғау полициясының инспекторы болып шықты. Облыстық ПД бүгін әдеп сақтамаған қызметкердің жұмыстан босатылғанын  хабарлады.

«Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы полиция қызметкерінің заңсыз әрекеттері бойынша Шардара АПБ ҚР ҚК 293-бабының ("Бұзақылық") 1-тармағы бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды. Сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеру жүргізді. Департаменттің тәртіптік комиссиясының шешімі бойынша Шардара АПБ-нің полицейі Ішкі істер органдары қатарынан  шығарылды» делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, полицейдің мұндай әрекетке баруына әйеліне деген қызғаныш себеп болыпты. Яғни, бөтен жігіт оның әйеліне смс хаттар жолдаған. Соны біліп қойған полицей осылайша қоқан-лоқы көрсетіп, бетіне түкіріп кеткен. 

Айнұр Ақбаева

Соңғы жаңалықтар