Түркістан облысында жоғалған жасөспірім жұмыс істеп жүрген жерінен табылды

ТӨЛЕ БИ. ҚазАқпарат – Полицейлер Түркістан облысының Төле би ауданында із-түзсіз жоғалып кеткен жасөспірімді үш күннен кейін жұмыс істеп жүрген жерінен тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында жоғалған жасөспірім жұмыс істеп жүрген жерінен табылды

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, баланың әкесі Төле би аудандық ПБ-ға арызданған. Оның айтуынша 2005 жылғы ұлы үйіне оралмаған. Аталған жайт бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары жақын аймақтарды аралап шығып, куәгерлерден сұрастырған. Ювеналды полиция инспекторлары арқылы суреттері таратылып, үш күн бойы қарқынды жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде, жоғалған бала үйінен 25 шақырым қашықтықта Леңгірде жүрген жерінен табылды.

«Тергеу барысында оқушы баланың жұмыс іздеп, ақша табамын деген оймен үйінен кеткені анықталды. Аудан орталығында бір жігітпен танысып, жұмыс істеу мақсатында соның үйінде түнеп жүргені белгілі болды. Полицейлер мектеп оқушысын үйіне жеткізіп, әкесіне табыстады», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде ұлын аман-есен тауып бергені үшін туыстары тәртіп сақшыларына ризашылықтарын білдірді.