Түркістан облысындағы киелі жерлердің алып макеттері жасалады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында киелі жерлердің картасы әзірленеді. Бұл туралы өңір әкімдігінде өткен кезекті жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстың 2018 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысына арналған кеңесте облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қала-аудан әкімдеріне аймақтағы киелі жерлердің картасы әзірленетінін айтып, тиісті тапсырмалар берді.
«Елімізде алғаш рет Түркістан облысындағы киелі жерлердің үлкен картасын жасауды ұйғарып отырмыз. Бұл ретте, әрбір аудан, қала басшыларына биіктігі 3-4 метр болатындай етіп, өздерінің өңірлеріндегі тарихи ескерткіштердің көшірме макетін Түркістан қаласына сыйлауды тапсырамын. Мәселен, Бәйдібектегі «Бәйдібек ата», «Домалақ ана», «Шаян» мешіті, Созақтағы «Баба түкті Шашты Әзіз», «Ақбура» сынды ескерткіштер. Осы сынды тарихы құндылыққа тұнып тұрған жәдігерлерімізді облыстың картасына енгізуіміз керек», - деді Жансейіт Түймебаев.
Сондай-ақ облыстық Экономика басқармасының басшысы Арман Сәбитов аймақтың даму көрсеткіштері туралы баяндама жасады. Оның сөзінше, экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі 2018 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 1 трлн 103,9 млрд теңге сомасында қалыптасқан. Өңдеу өнеркәсібінде 236,9 млрд теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 0,7 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығында да өнім көлемі 544,3 млрд теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға көбейген.
«Былтыр облысқа 288,1 млрд теңге инвестиция бағытталды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Инвестиция құрылымында негізгі үлесті жеке қаражаттар құрайды. Ал 2017 жылмен салыстырғанда мемлекеттік инвестиция көлемі өткен жылы 91,8 млрд теңгені құрап, 5,2 пайызға артты. Яғни, аудан, қала әкімдері бюджеттік инвестиция көлемін арттыру бағытында жұмыс жүргізуде деп түйіндеуге болады. Құрылыс пен тұрғын үй саласында да оң өзгеріс. Яғни, Түркістан облысындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 139,1 млрд теңгені құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9% жоғары», - деді Арман Сәбитов.
Жиында басқарма басшысы жұмыспен қамту саласында атқарылған жұмыстар жөнінде де баяндады. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен» 69 682 адам қамтылып, жылдық жоспар 110,1% артығымен орындалғанын жеткізді. Мұнан бөлек, облыста мемлекеттік және салалық бағдарлама шеңберінде 31 001 жаңа жұмыс орны ашылған.
Отырыс барысында қала-аудан әкімдері мен басқарма басшылары да өз салаларындағы көрсеткіштердің ретін баяндады.
Келтірілген мәліметтерге толықтай қаныққан облыс әкімі жауапты жетекшілерге жоспарланған көрсеткіштерді межесіне жеткізіп орындауды тапсырды. Кенжелеп қалған салаларды дамытып, көтеруді жүктеді.