Түркістан облысының әкімдігі бес баласынан айырылған астаналық отбасыға ақша аударды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат -Түркістан облысы әкімінің аппараты мен басқармалардың қызметкерлері өртте бес баласынан айырылған астаналық отбасыға біркүндік жалақыларын аударды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл орны толмас қаза екенін айтып, халық балапандарынан қапияда көз жазып қалған отбасымен бірге екендігін жеткізді.

Аймақ басшысы сондай-ақ облыста көпбалалы және жас отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтілетінін атап өтті. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 134 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Батыр аналардың көптігі жөнінен де өңір елімізде көш басында. Мәселен, облыста 19 мыңнан астам «Алтын алқа», 31 854 «Күміс алқа» иегерлері тұрады. Ол отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақылар мен тиісті қолдаулар дер кезінде көрсетілуде. Сонымен бірге, былтыр облыста ана өлімі 35,9 пайызға төмендеді. Бала туу көрсеткіші бойынша да Түркістан облысы республикада көш бастап тұр.

Еске салайық, 4 ақпан күні түнде Астанадағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанадан өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылдары туған 5 қыз баланың денесі табылды. Қайғылы оқиға кезінде балалардың ата-анасы түнгі жұмыста болған. Ақпанның 5-і күні бес баланы елордалықтар ақтық сапарға шығарып салды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ситерлер отбасына көңіл айтты.

Бүгінде ел жұртшылығы бір мезетте бес перзентінен айырылған отбасының қайғысымен бөлісіп, көмек қолын созуда.

Соңғы жаңалықтар