Түркістан облысының әкімі тасқын су кірген елді мекен тұрғындарымен кездесті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тасқын су кірген елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бүгін таңертең Түркістан өңірінде бірнеше елді мекенді су басып қалғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Тасқын су ағыны әлі келіп жатыр. Жекелеген ауылда тұрғындар үйлерінен эвакуацияланды.

Дархан Сатыбалды Сауран ауданы мен Кентау қаласындағы су басқан бірнеше елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесті. Ораңғай, Құсшы ата ауылдарын аралады. Көшелерден су ағызу жұмыстарын көрді. Төтенше жағдай департаментінің өкілдерімен бірге жергілікті тұрғындармен жүздесті.

«Жауын-шашынның мөлшерден тыс көп түсуі, ауа райының күрт жылынып, қардың еруі осы жағдайға әкелді. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен амандығы маңызды. Бұл жағдайда сабыр керек. Ең бастысы, ел аман. Барлық аудан, қаладағы жағдай бақыланып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ирригациялық жүйелер ашылып, каналдар тазартылған. Жағдай бақылауда», – деді Дархан Сатыбалды.

Қазір Қарнақ ауылында қарғын суды бөгеп, бағытын бұру жұмысы жүріп жатыр. Тұрғындар халық арасынан табылған облыс әкіміне ризашылық білдіріп, су тасқыны зардабын жою жұмыстары бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Дархан Сатыбалды Сауран ауданы Шаға ауылындағы бірнеше аумақтыда аралап көрді. Жауын-шашынның тоқтауына байланысты су деңгейі төмендеген. Дегенмен қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, жаңа жылдан бері су тасқынының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілген. Әкімдіктер мен департаменттің бірлескен іс-әрекеті арқылы жағдай бақылауға алынып отыр.

Қазір өңірдің су басу қаупі бар аймақтары мен су нысандарында 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылды. Судың деңгейі және елді мекендерді қарғын судан сақтау жұмыстары тұрақты бақылауға алынды.

Айта кетейік, мол жауған жаңбыр мен қардың жылдам еруінен қалыптасқан тасқын су Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарындағы бірнеше ауылға кірді.

Облыс әкімдігі ұсынған соңғы мәліметтерге сәйкес, қазір 19 елді мекендегі көшелер мен аула учаскелері арқылы су ағып жатыр. Қазіргі таңда 21 көше, 234 аула, 1 жеке үйге су кірген. ТЖД күшімен су басқан аула аумағынан 200-ден астам адам эвакуацияланды. Барлығы туыстарының үйлеріне кетті. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Су тасқыны салдарын жоюға барлығы 300-ден астам адам, 100-ге жуық техника, 28 мотопомпа жұмылдырылды. Сонымен бірге басқармалар мен кәсіпкерлер арқылы ондаған техника көмекке келді.

Жауапты орган басшыларының штаб отырысында сарапшылар атап өткендей, бірнеше айдан бері өңірде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тасқын судан келер алапат апатқа жол берілген жоқ. Жалпы жыл басынан облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен барлық аудан, қалада су тасқынына қарсы жұмыс күшейтілген болатын. Мәселе тұрақты талқыланып, әрбір аудан, қала әкіміне нақты міндеттер жүктелді. Ауа райының алдын ала болжамы назарға алынып, арықтар мен каналдар тазартылды. Төтенше жағдай департаменті мен жергілікті әкімдікке қарасты техникалар дайындыққа келтірілді.


Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі



Соңғы жаңалықтар