09:53, 06 Қаңтар 2020 | GMT +5
Түркістан облысының полицейлері 16 пәтерді үптеп кеткен қылмыстық топты ұстады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын күндізгі уақытта белгісіз біреулер үйіне кіріп, 700 мың теңгені құрайтын алтын бұйымдары мен теледидарын жымқырып кеткеніне байланысты арызданған. Бұдан бөлек бір аптаның ішінде осындай пәтер ұрлықтарына байланысты 4 жәбірленуші шағым түсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап
.
Орын алған ұрлық жайты бойынша аудандық полицейлер шұғыл іске кірісті. Оқиға орнын мұқият тексеріп, жақын аймақтарды аралап шығып, куәгерлерден сұрастырды. Тәртіп сақшыларының нәтижелі жедел-іздестіру шараларының арқасында ақпарат көздері мен бейнебақылау камерасына түсіп қалған күдіктілердің бейнесі арқылы ұрылардың жеке бастары анықталды. Осылайша, күдіктілер Шымкент қаласындағы көшелердің бірінен ұсталды. Тергеу барысында олардың үшеуі де Шымкент қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Және күдіктінің екеуі бұрын дәл осы «Ұрлық» бабымен сотты болған. Олардың Ордабасы ауданында бір апта ішінде жасалған басқа 4 пәтер ұрлығына қатысты екендігі белгілі болды. Полицейлердің анықтауынша, күдіктілер күндізгі уақытта, үй иелері жұмыста болғанын пайдаланып, пластик терезелерін бұрағыштармен ашу арқылы ұрлық жасап отырған. Одан бөлек, ұсталған қылмыстық топ облыс бойынша 16 пәтер ұрлығын жасағаны анықталды. Қазіргі таңда аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Баукеспелер жәбірленушілердің үйінен ұрланған алтын бұйымдарды алыпсатарларға, базарларға және ломбардтарға өткізіп, ақшасын өз қажетіліктеріне жаратып отырған. Сондай-ақ кейбір жәбірленушілердің ұрланған заттары табылып, айғақты зат ретінде алынып, заңды иелеріне қайтарылды.