Түркістан жұртшылығы зілзаладан зардап шеккен түркиялықтарға көмек жинауды бастап кетті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан жұртшылығы зілзаладан зардап шеккен Түркиялықтарға көмек көрсету мақсатында қаржы мен киім-кешек жинау жұмысын бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жұмысқа ақсақалдар алқасы мен ассамблея мүшелері, оқу орындардың ұжымдары мен студенттері де өз үлесін қосып жатыр.
Бірі бір күндік жалақысын аударса, енді бірі қажетті киім-кешек пен гигиеналық заттар жинап, арнайы орындарға өткізіп жатыр.
Бүгін Түркістан қаласында Түркияда болған зілзалаға байланысты облыстық ақсақалдар алқасы, ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесі, этномәдени бірлестіктер мен қалалық ардагерлер кеңесі арнайы үндеу жасады.
Аталған шарада Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы құрбан болған жандардың рухына құран бағыштады.
Кездесуде өңірдегі кәсіпкерлер мен барша қайырымды жандар бауырлас түрік халқына көмек қолын созатынын айтты.
«Апат айтып келмейді» дейді дана халқымыз. Түркияда болған жер сілкінісі дүйім жұртты дүр сілкіндірді, қайғылы оқиға баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Осындай қиын кезеңде көмек беру - үлкен бауырмалдықтың белгісі. Сондықтан да барша кәсіпкерлер мен Түркістан жұртын бауырлас елге қолымыздан келгенше жәрдем беріп, қолдауға шақырамыз», - деді Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректор өкілі, профессор Пеями Баттал осындай қиын кезде қолдау білдірген қазақ бауырларына шексіз ризашылығын білдірді.
Жиында белгілі болғандай, облыс орталығында гуманитарлық көмек беру бойынша арнайы комиссия құрылды.
Бұл орайда түркістандықтар «Жеңіс» саябағында орналасқан қалалық «Ынтымақ үйінде» Түркиядағы азаматтарға арналған көмектерін тапсыра алады.
Айта кетейік, кеше түркістандықтар 2 ұшақ гуманитарлық көмек жіберетінін жазған болатынбыз.