Түркістанда әйел 9-қабаттан секірмек болды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістандық полицейлер 9-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда әйел 9-қабаттан секірмек болды

Оқиға бүгін түнгі сағат 02:00 шамасында болды. Тоғызыншы қабаттың терезесінен сыртқа шығып алған келіншек төмен секіруге оқталған. Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция лейтенанты Ербол Есалиев пен полиция аға лейтенанты Ержан Стамқұлов терезе жақтауында отырған тұрғынды ажалдан аман алып қалды.

«Жоғары қабатқа көтерілсек, есік ашық тұр екен. Содан, үйге кіргенде, келіншектің ас бөлменің терезесінде отырғанын көрдік. Бірден көтеріп алып, ішке кіргіздік. Тексеру барысында тұрғынның суицид жасауына масаң күйде болуы әсер еткені анықталды. Келіншек теріс әрекеті үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай жағдайды қайталамайтынын жеткізді», - деді Түркістан қалалық полиция басқармасының қызмет инспекторы Ербол Есалиев.

Бұған дейін Түркістанда 74 жастағы әйел лифт шахтасына құлап, мерт болғанын жазған едік.