Түркістанда қоғамдық кеңестің отырысы өтті

АСТАНА. ҚазАпарат - Түркістан қаласында облыстық Қоғамдық кеңестің жанынан жер мәселесі бойынша құрылған жұмысшы топтың аймақтық көшпелі отырысы өтті.
None
None

Аталған жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Төлеген, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы С.Әбдіқұлов, облыстық қоғамдық кеңес жанынан құрылған жер мәселесі бойынша жұмысшы топ мүшелері, сонымен қатар Түркістан, Кентау қалалары мен  Бәйдібек, Созақ, Отырар ауданы шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Отырыста  Жер Кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру мәселелері қаралып, қатысушылар тарапынан жер реформасына байланысты көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды.

Жиында алғаш сөз алған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы С.Әбдіқұлов бүгінгі таңда аталған мәселеге қатысты жайылым жерлерді конкурс арқылы 49 жылға жалға алу жайындағы  ұсыныстар көптеп түскенін айтты. Сондай-ақ, ол бұрынғы жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 50 пайыз жеңілдікпен сатып алуды да шаруалардың басым бөлігі қолдайтындығын назардан тыс қалдырмады.

Мәжіліс барысында жерді сату мен жалға беру жөніндегі пікірлер шаруалар тарапынан нақты айтылды. Соның ішінде жайылым жерлерге қоражай салуды заңдастыру, жалға берілген жерлерді мемлекет тарапынан қатаң бақылауда ұстау секілді өзекті мәселелер отырыстың қызу талқысына айналды. Сонымен бірге жас отбасыларға үй іргелік жер беру жайы да баса айтылды.

Отырар ауданынан келген «Мақсат» шаруа қожалығының басшысы  М.Мүсілімовтің айтуынша айнала ақ кебірге толып, малды алысқа айдап жайғаннан сүт өнімділігі күрт төмендеген. Осы ретте ауыл іргесіндегі жайылымға беріліп жіберген жерлерді қайта қарап, ауыл тұрғындарының малдарын жаюға жағдай жасалса деген тілегін жеткізді.

«Айтылған ұсыныстар мен пікірлер жинақталып, алдағы уақытта жер реформасы жөніндегі республикалық комиссиясының назарына ұсынылатын болады», деді отырысты қорытындылаған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы С.Әбдіқұлов.

 

Соңғы жаңалықтар