Түркістанда МӘМС жүйесін енгізу мәселесі талқыланды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында МӘМС жүйесін енгізу дайындығын қамтамасыз ету үшін жедел өзара іс-қимыл жөніндегі өңірлік штаб отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда МӘМС  жүйесін енгізу мәселесі талқыланды

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев аймақтағы жасалып жатқан жұмыс барысына тоқталды.

Жиында сөз алған сала мамандарының сөзінше, облыс халқының 97,6% қазіргі таңда МӘМС жүйесінде шартты түрде сақтандырылған. «Шартты түрде сақтандырылмаған» санатында облыс халқының 2,4% - ы немесе 47 мыңға жуық адам бар. Олар бойынша мәртебені өзектендіру жұмыстары жуық арада аяқталады. Жалпы, барлық азаматтар медициналық сақтандыру жүйесінде тиісті көмектерді алуына қажетінше жағдай жасалады. Бүгінде тұрғындардың өз бетімен жарна аударуын жүйеге қатысушы барлық медициналық ұйымдарда төлем терминалдарын орнату жоспарланып отыр. Жиналысқа қатысқан РЭДСО бас директорының орынбасары Менханым Қалдыбаева мен өңірлік штабтын мүшелері де осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевтың сөзінше, аталған жүйе енгізілген жағдайда барлық төлеушілер үшін тиімді болмақ. Азаматтар, жұмыс берушілер және мемлекет денсаулық үшін ортақ жауапкершілікте болады.

Сонымен қатар, медициналық сақтандырудың барлық қатысушылары медициналық қызметтің бірыңғай сақтандыру пакетіне тең қолжетімділікке ие болады.

«Ешкім медициналық көмексіз қалмайды. Сақтандырылған азаматтар төленген жарналардың көлеміне қарамай, қымбат медициналық қызметтерді ала алады. Қазір санаты анықталмаған азаматтармен медициналық сақтандыру туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, - деді Асхат Бейсенбаев.

Сондай-ақ филиал директорының айтуынша, жаңа джылдан бастап бастапқы медициналық-санитарлық көмекті басым қаржыландыру қамтамасыз етілді.

«Мектеп медицинасын қаржыландыру қарастырылып, консультациялық-диагностикалық көмек пен медициналық оңалтуды қаржыландыру көлемі айтарлықтай кеңейтілген. Бүгінде Филиал ТМККК және МӘМС шеңберінде қызметтер пакеттері және бизнес-процестер бойынша оқу жұмыстары жүргізіліп, аймақта 428 спикер және 24 372 медицина қызметкерлері оқытудан өткен»,- деді Асхат Бейсенбаев.

Сондай-ақ, жұмысшы топ шара аясында облыстық клиникалық ауруханасында, туберкулезге қарсы күрес диспансерінде, Ордабасы, Отырар, Түркістан орталық ауруханаларында және Түркістан қалалық емханасындағы МӘМС бойынша жасалып жатқан дайындық шараларының жай-күйімен танысты.