Түркістанда мемлекетке қайтарылатын жер телімінің бағасы түсіндірілді
«Түркістан - туризм, түркі халықтарының орталығына айналсын деп жатырмыз. Ол үшін айналадағы ескі үйлердің орнына жаңа ғимараттар бой көтеруі керек. Ал бұрынғы тұрғындарға нарыққа сай жылжымайтын мүлкіне қаржы, жер телімі не баспана берілетін болады», - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде қала әкімі Әліпбек Өсербаев та жер телімі мемлекетке қайтарылған тұрғындарға заңға сәйкес шығыны өтелетінін атап өтті.
«Барлық тұрғынға заң аясында жердің әр сотығына 515 мың теңгеден беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үйлер бөлек бағаланып, бағасына сай қаржы бөлінеді», - деді қала әкімі.
Айта кетейік, жаңа жоспарға сәйкес облыс орталығына айналған Түркістан қаласында көптеген құрылыс нысандары салынбақ. Осыған орай, ситуациялық сызбадағы 98 гектар жерді құрайтын екінші аймақта «Рухани-мәдени орталық» салу жоспарланған. Бүгінде мемлекет мұқтаждығы үшін ондағы 171 нысанның жер телімін (13 кәсіпкерлік, 158 тұрғын үй) қала әкімінің қаулысына сәйкес жерді қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғындарға ескерту қағаздары беріліп, аталған нысандарға акт толтырылған. 165-нысанның құжаттары толық жинақталып, бағалау жұмыстары жүріп жатыр. 90 үйдің бағалау жұмыстары толық аяқталып, 33 үйдің иелері келісімін берген. Ал, жер телімдерін қайтару және бағалау жұмыстарына келіспеген тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімінің және тиісті бөлім басшыларының, құқық қорғау органдары мен қалалық прокуратура өкілдерінің қатысуымен мәжіліс өткізіліп, жан-жақты түсіндірілуде. Наразылық білдірген тұрғындардың өтініштерін қарайтын 29 адамнан құралған комиссия жұмыс істеп жатыр.