Түркістанда «Сарасөз» әдеби-танымдық журналының тұсаукесері өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қаласындағы Түрік тілдес халықтар кітапханасында әдеби-танымдық «Сарасөз» журналының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жаңа журналдың тұсаукесер лентасын Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков, ҚР-ның Халық әртісі, профессор Қ.Бекбосынов қиып, басылым редакторына игі тілектерін жеткізді. Журналдың сүйінші нөмірі сәуір айында 2000 данамен жарық көрген болатын.

Шараға келген қонақтар арасында, әдебиет сыншысы, профессор Қ.Ергөбек, ҚР Мәдениет қайраткері, доцент С.Елеуов, ұлағатты ұстаз, профессор С.Садықов, шараның жүргізушісі, профессор Б.Сердәлі, филилогия ғылымдарының кандидаты, доценттер Б.Оспанова, Ж.Исмаилова мен тағы да басқа азаматтар бар. Барлығы да журналдың жарық көруіне орай жылы лебіздерін білдіріп, құттықтауларын жеткізді. Өнер тарландары Қ.Бекбосынов, С.Елеуов ән-жырдан шашу шашты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» аталатын І бөлімде Ұлттық бірегейлікті сақтау туралы Мемлекет басшысы: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй¬лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні - бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», - деген болатын. Осыған қарай журналдың жарыққа шығуы Мемлекет басшысы алдыға қойып отырған міндеттердің үдесінен шығады деуге болады.

Түркістан - түркі әлемінің мәдени астанасы атануымен бір мезетте тұспа-тұс келiп отырған мерейлi шақта жарық көрген журналдың алғашқы санында «Тұтас түркінің тойы тарқамасын» деген редактор мақаласында түркі бірлігі паш етілген. Редактор Г.Қарыбек: «Мақсатымыз - дүйім жұртты материалдық игілік иектеп, руханият құндылығы әлсіреп кеткен осы бір тұста қазақты өркениетке бастау. Қазіргі жаһандану заманында ұлттық болмысымызды бағалап, ұлттық құндылығымызды көздің қарашығындай сақтай отырып адамзаттық үдеріске қосылу. «Сарасөз» ұстанымы - өркениет биігіне жол тарту. Арзан сөздің уақыты өтті, ендігі кезек ұлттың жадын қаузайтын, жанын марқайтатын сарасөздікі болар. «Сарасөздің» айтпағы - тыңдаушы түзелді, сен де түзел қазақ баласы! Арзан сөз ұсынбауға - біз, асыл сөзді қабылдауға - Сіз уәде беріселік!»- дейді зиялы қауымға арнауында.

Соңғы жаңалықтар
telegram