Түркістанда триатлоннан ҚР ашық кубогы басталды

Облыс әкімдігінің қолдауымен және ҚР триатлон федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жарыс екі күнге созылады.
Аталған спорттан жарысқа қатысушылар Президент саябағындағы жасанды көлде жүзуден бастап, Б. Саттарханов даңғылымен велосипедпен жүріп өтті. Ары қарай «Олимпик» спорт кешеніне дейін жеткен велошабандоздар қосымша жаяу жүгіруден жарысты.
Атап өтейік, триатлонның спринт түрінде 750 метрге жүзу, 20 шақырымды велосипедпен жүріп өту және 5 шақырымға жүгіру нормасын орындау қажет.
Спортшылардың төзімділігі шыңдалатын жарыста алғашқы күннің жеңімпаздары анықталды. Ерлер арасында бірінші орынды Алматы қаласынан Әнуар Тұрұбаев иеленсе, екінші орын Егор Крупияковке бұйырды (Алматы қаласы). Үшінші орынды Александр Тен (Алматы қаласынан) қанағат тұтты.
Ал қыздар арасында бірінші орынды Екатерина Шабалина (Нұр-Сұлтан қаласы), екінші орынды Юлия Озерова (Алматы қаласы) иеленді. Үшінші орын Дарья Быгковаға (Қостанай) бұйырды.
Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов марапаттап, құттықтады.
Айта кетейік, бүгінгі сайысқа 51 кәсіби спортшы қатысса, ертең проатлеттер мен әуесқой трианлоншылардан 120 спортшы қатысады деп күтілуде.