Түркістанда жергілікті полиция қызметіне жаңа басшы тағайындалды

Айта кетейік, Түркістанның тумасы Кенжебай Жақсылықов еңбек жолын туған жерінде 1994 жылы полиция сержанты болып бастаған. Содан бері ішкі істер саласында түрлі лауазымды қызметтер атқарған. Ал, соңғы жылдары Кентау және Түркістан қалаларындағы ІІБ басшыларының орынбасары болып еңбек етті. Таныстыру барысында қала әкімі Әліпбек Өсербаев полиция басшының қызметін асқан жауапкершілікпен атқаратынына сенім білдірді. Себебі, биыл түркістандықтар үшін жауапты жыл болмақ. «Кездесулер орталығына айналатын шаһарда ең алдымен, тәртіп мықты болуы керек». Осылай деген қала әкімі жаңадан тағайындалған басшыға артылар жүктің ауыр екенін ескертті.
Еске салайық, қалада соңғы екі айда 454 қылмыс тіркелген. Әсіресе, пәтер және мал ұрлығы өршіп тұр. Сала мамандарының салғырттығынан қылмыстың ашылу деңгейі 20 пайызды ғана құрап отыр.