Түркістандағы конго-қырым геморрагиялық безгегі ошағының шығу себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте министрдің кеңесшісі Наталья Буенко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша,Ж. Досқалиев оқиға орнына атанып кеткен. Комиссия зерттеуінің қорытындысы жарияланатын болады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Түркістан қаласында конго-қырым геморрагиялық безгегі ошағының орын алуы бойынша қылмыстық іс қозғады. Прокуратура жүргізген тексеру барысында, аса қауіпті инфекция ошағы бірнеше адамның өліміне себеп болғандығы анықталған. Атап айтқанда, ағымдағы жылы маусымның 24-інде Түркістандағы перзентхананың акушерлік бөліміне 23 жастағы келіншек түседі. Сол күні босанған ол әйелді дәрігерлер үш күннен кейін ауруханадан шығарады. Бірақ маусымның 29-ында ол әйел жатырынан қан кетіп, перзентханаға қайта түседі. Дәрігерлер операция жасайды, бірақ қан тоқтамайды. Екі күннен кейін тағы операция жасайды. Дәрігерлер бригадасының құрамында Түркістандағы орталық қалалық аурухананың хирургі Сайлаубек Өскенбаев та болады. Келіншектің жағдайы нашарлай береді, дәрігерлер сол күні оған тағы да операция жасайды. Осы мақсатта Шымкенттен қан тамырлары хирургі Зейнолла Қабдиев келеді. Қабылданған барлық шараға қарамастан, шілденің 3-інде жаңа туған нәресте шетінейді, ал шілденің 4-інде келіншектің өзі көз жұмады. Ал шілденің 9-ында Шымкентте дәрігер З.Қабдиев қайтыс болады. Шілденің 10-ында Түркістанның орталық ауруханасының инфекциялық бөліміне қалалық аурухананың хирургиялық бөлімінің меңгерушісі С.Өскенбаев түседі. Алдын-ала клиника-эпидемиологиялық мәліметтер бойынша, оған «Конго-қырым геморрагиялық безгегі» деген диагноз қойылады. Санитарлық авиация желісі арқылы жеткізілген шымкенттік дәрігерлерлер науқасты қарап шығып, консультациялар береді. С.Өскенбаев шілденің 11-інде көз жұмады. Шілденің 11-інде инфекциялық бөлімге перзентхананың неонтолог-дәрігері, жаңа туған нәресте мен жаңа босанған әйелді бақылаған Шынар Бақбергенова түседі. Оған бастапқыда «тыныс жолының өткір вирустық инфекциясы, геморрагиялық синдром, мұрыннан қан кету» диагнозы қойылады. Кейіннен диагнозы «қырым геморрагиялық безгегі» деп өзгертіледі. Сол күні кешке инфекциялық ауруханаға «тыныс жолының орта деңгейдегі вирустық инфекциясы» диагнозымен перзентхананың акушер-гинекологы Нұрбол Өтепберген түседі. Ол да босанған келіншекті бірнеше рет қараған болып шықты. Ал шілденің 11-інде инфекциялық бөлімге босанған келіншекке қараған перзентхананың санитаркасы Айжан Қалыбекова түседі. Санитаркаға да «тыныс жолының орта деңгейдегі вирустық инфекциясы» диагнозы қойылады. Прокуратура қызметкерлері, Түркістан ауруханасының медициналық қызметкерлері аталған тұлғаларға диагнозды дер кезінде қоймаған, деп санайды. Ал бірнеше кісі өлімінен кейін, олардың арасында байланыстың айқын болғанына қарамастан, дәрігерлер індет ошағы туралы уәкілетті органдарды дер кезінде хабардар ету туралы шара қабылдамаған. «Оған қоса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тіпті облыстық аурухананың дәрігері З.Қабдиевтің өлімінен кейін де, адамдардың жаппай қайтыс болу фактісін жасыру мақсатында Шымкентте аурудың ошағын анықтау, оны ауыздықтау жөнінде ешқандай шаралар қабылданбаған. Тек прокуратураның араласуынан кейін ғана облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының бригадасы жедел Түркістанға аттанған», делінген прокуратураның мәлімдемесінде.Түркістан қаласының прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 267-ші бабының 2-тармағы - «санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу, соның салдарынан адамдардың жаппай ауыруы, адам өлімінің орын алуы» бойынша қылмыстық іс қозғады. Облыс прокуратурасы жұмыс тобын құрды, аталған топ тексеру жүргізіп жатыр. Істің барысы айырықша бақылауға алынды.