Түркістандық полицейлер мектеп жанындағы көлік қозғалысын қадағалауға кірісті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында полицейлер мектептердің жанында жол қозғалысын қадағалауға кірісті. Енді бір ай көлемінде әрбір жергілікті полиция қызметінің қызметкері мен учаскелік полицей жаяу жүргіншілер жолағынан өтетін оқушыларға жолдан өтуге көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістандық полицейлер мектеп жанындағы көлік қозғалысын қадағалауға кірісті

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер 1 қыркүйектен бастап жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол қозғалысын реттеуде.

Өңірде 480-мыңға жуық оқушысы бар 904 мектеп бар болса, оларға 1 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Олар таңғы сағат 7-ден бастап мектеп алдында тұрып балалардың қауіпсіздігін қадағалауда. Осылайша ата-аналар да мектеп алдындағы жолақтан күнделікті өтетін балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын болды.

«Абайлаңыз, балалар!» акциясы аясында сондай-ақ, полиция басшылары мен олардың орынбасарлары және қатардағы қызметкерлері мектептерде білім алушыларға арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.