Түркістаннан Дубай мен Антальяға тікелей рейстер ашылуы мүмкін

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістаннан Дубай мен Антальяға тікелей рейстер ашылуы мүмкін. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Түркістан қаласы тұрғындарымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Түркістан қаласына шетелдерден және ел аумағынан келетін туристердің саны өскен. Мәселен, өткен жылы қалаға 120 мыңнан астам турист келген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4 есеге жоғары.

«Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан Стамбул және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылған болатын. Қазіргі уақытта Мәскеу, Анталья, Дубай, Тбилиси, Ташкент және Самарқандқа әуе рейстерін ашуға Үкіметке ұсыныс беріп отырмыз. Сондай-ақ, Алматы мен Астана бағытындағы ішкі рейстерді көбейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бойынша да тиісті министрлікке өз ұсыныстарымызды бердік» - деді облыс әкімі.

Кездесуде түркістандықтар жолдардың сапасын жақсарту, жөндеу, қоғамдық көлік бағытын реттеу, көшелерге тас, асфальт төсеу, көпір салу, тұрғын үй, сыбайлас жемқорлықпен күрес және тағы басқа мәселелерді көтерді.

Өңір басшысы тұрғындар тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға да жауап берді. Кездесу аясында нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімдері белгіленді.

Айта кетейік, бұдан алдын Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заң жобасы дайындалып жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар