Түркітілдес мемлекеттер аясындағы «Түркі тарихы» оқулық бағдарламасы мақұлданды
«Түркітілдес елдер басшылары 2012 жылы Бішкекте өткен Түркі Кеңесінің II саммитінде «Түркі тарихы» пәнін оқытуға қатысты ортақ шешімге келген болатын. Бұл ұйғарым 2013 жылы Габалада және биыл Бодрумда өткен Түркі Кеңесі саммиттерінде тағы да қалдауға ие болды.
Нәтижесінде орта мектептерге арналған тарих оқулығы бағдарламасы жуырда Баку қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне (Түркі Кеңесі) қатысушы-мемлекеттер Білім министрлерінің Үшінші отырысында мақұлданды», делінген баспасөз баянында.
Естеріңізге сала кетейік, жиынға Әзербайжан Республикасының Білім министрі Микаил Джаббаров, Қырғызстан Республикасының Білім және ғылым министрі Канат Садықов, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Нәби Авжы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Әлия Ғалымова бастаған аталған елдердің сала мамандары және Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Рамиль Хасанов, Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі қатысқан болатын.
Алқалы жиында тараптар түркі халықтарының географиясы мен әдебиеті бойынша да оқулықтар даярлау туралы келісімге келді.