Түркітілдес мемлекеттердің интеграциялық үдерісі ЕАЭО мүддесіне қайшы келмейді - Н.Назарбаев
Бұл туралы бүгін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы 4-ші саммитінің қорытындысы бойынша журналистерге сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі Серік Сабеков.
«Мен, біздерге түркітілдес мемлекеттердің интеграциялық үдерістерін дамыту қажет деп санаймын. Бұл қалай болғанда да Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ мүддесіне еш қайшы келмейді. Өйткені, бұл да ешқандай саяси реңкі жоқ экономикалық өзара байланыс», - деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия тауар айналымының көлемі 4 млрд. АҚШ долларына жеткенін, бұл санды арттыра түсуге әлі де әлеует бар екендігін баса айтты.
Қазақстан Президенті келесі жылы Қазақстанның Грузия арқылы Түркияға шығуына мүмкіндік беретін темір жол құрылысының аяқталатындығын ескертіп өтті. Елбасы Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы және көлік инфрақұрылымының құрылуы арқасында Түркияның Қазақстан арқылы Қытайға шығу мүмкіндігіне ие болғандығын айтты.
Н.Назарбаев сонымен бірге түркітілдес мемлекеттердің өзара мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарын одан ары дамыту қажеттігіне де тоқталды. «Мұның барлығы біздің елдеріміздің игілігіне қызмет етеді», - деді Қазақстан Көшбасшысы.