Түркия 2054 жылға қарай көміртек шығарындысын нөлдік деңгейге жеткізбек

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия алдағы 30 жыл ішінде көміртек шығарындыларын нөлдік деңгейге жеткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.

Алпарслан Байрактар
Фото: Kazinform

Елдің Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар үкімет экономиканың негізгі секторларына, соның ішінде энергетика, көлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығына әсер ететін көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту бойынша кешенді шаралар әзірлеп, жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, нөлдік көміртекті экономикаға көшу – бұл экологиялық мәселені шешу ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру және инвестиция тарту мүмкіндігін береді.

«Бұл мақсатты жүзеге асыру климаттың өзгеруіне қарсы күресте және елдің тұрақты экономикаға көшуінде маңызды қадам болмақ. Біз болашаққа оптимистік көзқараспен қарап, өскелең ұрпақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ниеттіміз», – деді А.Байрактар.

Атап айтқанда, жаңартылатын энергияны дамыту, өнеркәсіп пен тұрғын үй секторында энергия тұтынуды азайту үшін жаңа технологияларды енгізу, «жасыл сутегі» өндірісін дамыту және көліктегі шығарындыларды азайту көзделген. Елде электр көліктерді пайдалануды ынталандыру және экологиялық таза қоғамдық көлікті дамыту жоспарлануда.

Алға қойған мақсаттарға жету үшін Түркия халықаралық ұйымдармен және серіктестермен ынтымақтастықты нығайтпақшы. Атап айтқанда, ел Париж келісімін жүзеге асыруға бағытталған бастамаларға қатысып, экологиялық жобаларға қаржы тартуға үміттенуде.

Айта кетейік, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі бойынша негіздемелік конвенциясының 29-конференциясы (COP29) аясында Баку қаласында өткен Климат жөніндегі Дүниежүзілік саммитте Түркияның ядролық энергияны үш есеге арттыру бастамасына қол қойылды.

Осыған дейін Түркияда балалардың әлеуметтік желі мен смартфон пайдалануына шектеу енгізілетіні туралы хабарладық.