Түркия Ататүріктің дүниеден өткен күнін еске алды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда республиканың негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің қайтыс болғанына 88 жыл толуына байланысты еске алу шаралары өтті.
Негізгі мемлекеттік рәсім Анкарадағы Аныткабир кесенесінде өтті.
Салтанатты шара сағат 08:45–те мемлекеттік органдар өкілдерінің Ататүрік кесенесіне апаратын «Арыстандар аллеясы» бойындағы шеруінен басталды.
Рәсімге Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған жетекшілік етті. Оған Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш, елдің вице-президенті Джевдет Йылмаз, саяси партиялардың жетекшілері, үкімет мүшелері, сот билігінің өкілдері мен әскери қызметшілер қатысты.
Президент Ердоған Ататүріктің кесенесіне қызыл және ақ қалампырдан жасалған жарты ай мен жұлдыз бейнесіндегі гүл шоғын қойды.
Сағат 09:05–те, яғни осыдан 88 жыл бұрын Мұстафа Кемал Ататүрік қайтыс болған уақытта, бүкіл ел бойынша бір минут үнсіздік жарияланды. Оған Түркияның барлық қаласы мен елді мекен тұрғындары қосылды.
Осы сәтте көшелердегі қозғалыс тоқтап, жүргізушілер көліктерінен шығып, үнсіз тұрды. Жаяу жүргіншілер де аялдап, бір минут үнсіздік жариялау рәсіміне қатысты. Түркия тұрғындары қай жерде жүрсе де, елдің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етті.
Еске салайық, бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ататүрік әуежайын әлемдегі ең ірі технологиялық хабқа айналдыруды ұсынғанын жазған едік.