Түркия ауыл шаруашылығын жаңғыртуға тағы 757 млн еуро тартады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия суару жүйесін жаңғырту үшін Дүниежүзілік банктен 1 миллиард еуродан астам қаражат тартты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркия ауыл шаруашылығын жаңғыртуға тағы 757 млн еуро тартады
Фото: ҚР АШМ

Түркия Қазына және қаржы министрлігі «Суландыруды жаңғырту — 2» ұлттық жобасының екінші кезеңі аясында Дүниежүзілік банкпен 757,1 млн еуро көлемінде несие бөлу туралы жаңа келісімге қол қойды.

Бұл қаражат елдің аграрлық өңірлеріндегі су тарату жүйелерін жетілдіруге, су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығын суландыруды жаңғыртудың ұзақмерзімді бағдарламасын әзірлеуге бағытталмақ.

Жобаны Түркияның Мемлекеттік су ресурстары басқармасы жүзеге асырады. Ол бұған дейін 317 млн еуродан астам қаржы бөлінген бірінші кезеңнің жалғасы саналады.

Осылайша, Түркияның суару жүйелерін жаңғыртуға Дүниежүзілік банктен тартқан қаржысының жалпы көлемі 1 млрд еуродан асты.

Суландыру инфрақұрылымын жаңғырту — климаттық қауіптердің артуы, агроөнеркәсіптік кешеннің сұранысының өсуі және су ресурстарын ұтымды пайдалану қажеттілігі жағдайында Түркия үкіметі үшін басты міндеттердің бірі саналады.

Жоба ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырып қана қоймай, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына үлес қосады деп күтілуде.

Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық Түркия үшін су ресурстарының экономикалық өсу жолындағы стратегиялық маңызын көрсетеді және Анкараның инфрақұрылымдық жүйелі мәселелерді шешу үшін халықаралық қаржыландыру тартуға мүдделілігін айғақтайды.

Бұған дейін біз климаттың елеулі өзгеруі мен су қоймаларының тартылуына байланысты Түркия мамандары азаматтардың суға ұқыпты қарауына бағытталған ақпараттық науқандар өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлағанбыз.

Сонымен қатар, Түркияда рекордтық аяз ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Биылғы сәуір айында ел соңғы онжылдықтағы ең қатты суыққа тап болды.

Айта кетелік Түркияда қаржылық қиындықтар «Аккую» АЭС-нің жаңа блоктарын салу қарқынын бәсеңдетті

Соңғы жаңалықтар