Түркия Айға ұшатын аппаратын әзірлеуді аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның ғарыш аппаратын 2027 жылдың басында ұшыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі. 

Түркия Айға ұшатын аппаратын әзірлеуді аяқтады
Фото: dailysabah.com

Түркияның «Дейли Сабах» басылымы жазғандай, ел өзінің алғашқы Ай миссиясына арналған ғарыш аппаратын өндіру, құрастыру және біріктіру жұмыстарын аяқтады. Қазір аппарат TUSAŞ аэроғарыш компаниясының ғарыш жүйелерін біріктіру және сынау орталығында жүйелік сынақтан өтіп жатыр.

Массасы шамамен 3,5 тонна болатын аппарат екі айға жуық уақыт ішінде Ай бетінен шамамен 100 шақырым биіктіктегі шеңберлік полярлық орбитаға шығуы тиіс. Оның кемінде үш ай жұмыс істеуі жоспарланған. Ал міндеттер сәтті орындалған жағдайда миссия мерзімі 18 айға дейін ұзартылуы мүмкін.

Негізгі бағдарлама аясында Күн желін, Айдың магнит өрісі мен жылулық сипаттамаларын, сондай-ақ оның бетінде судың түзілу үдерістерін зерттеу көзделген. Ғылыми жұмыстар аяқталғаннан кейін аппаратты басқарылатын төмендеу арқылы Айдың бетіне қарай бағыттау жоспарланып отыр.

Аппараттың 80 пайыздан астамы отандық технологияларды пайдалана отырып өндірілген. Негізгі компоненттердің бірі Түркияда әзірленген гибридті қозғалтқыш жүйесі болады.

Сынақтар аяқталғаннан кейін аппарат ұшыруға дайындық жұмыстарын жүргізу үшін АҚШ-қа жіберіледі. Оны Кеннеди атындағы ғарыш айлағынан ұшыру жоспарланған.

Бұған дейін гибридті қозғалтқышы бар әлемдегі алғашқы жерсерікті Түркия орбитаға шығарғаны хабарланған болатын.

Айта кетелік Түркияда аяқ киім өндірісі үш жылда 41,6 пайызға азайды