Түркия Әзербайжан экономикасына шамамен 12,5 миллиард доллар инвестиция салды
Әзербайжан экономикасына салған түрік инвестициясының көлемі шамамен 12,5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы әзербайжан-түрік инвестициялық форумының ашылу салтанатында Түркияның сауда министрі Омер Болат айтты, деп хабарлайды Kazinform Trend.az сайтына сілтеме жасап.
- Әзербайжан экономикасына салған түрік инвестициясының көлемі, үшінші елдер арқылы салынған инвестицияны қосқанда шамамен 12,5 млрд. долларды құрайды. Ал Әзербайжанның Түркия экономикасына салған инвестициясы 19,5 млрд. доллар, - деді министр.
Омер Болат Әзербайжан мен Түркия арасындағы өзара инвестиция көлемін арттыру – күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала беретінін айтты.
Бүгін Бакуде Әзербайжан-Түркия инвестициялық форумы басталды. Онда түрлі салалардағы Әзербайжан-Түркия ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктері қарастырылып, инвестициялық келісімдерге қол қойылды.
Іс-шараға екі елден 600-ден астам мемлекеттік органдар мен жеке сектор өкілдері қатысып жатыр. Форум аясында инвестиция, сауда, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі, жасыл энергетика және сауықтыру туризмі салаларын қамтитын панельдік сессиялар өтеді.