Түркия елінде Қазақстанға арналған бульвардың ашылуы біз үшін үлкен қуаныш - Сенат төрағасы Қайрат Мәми

«Түркия елінің бізге ыстық ықыласы үшін зор алғысымды білдіремін. Бұл нағыз бауырлас елге тән іс болса керек. Қазақстан 20 жыл ішінде үлкен белестерден өтіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізе білді. Бүгін міне, біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Осындай жағдайда Түркия елінде Қазақстанға арналған бульвардың ашылуы біз үшін үлкен қуаныш. Бұл Тәуелелсіздік мерекесіне тартылған тамаша сый. Сондықтан осы іске мұрындық болған азаматтарға алғысымды білдіремін»,- деді Сенат Төрағасы «Қазақстан» бульварының ашылу рәсімінде.
Айта кетейік, «Қазақстан» бульварының жалпы ұзындығы 8,5 шақырымды құрайды және ол Невшихир қаласының әсем де халық тығыз қоныстанған аймағында орналасқан. Осы аймақтан жылына 3,5 миллион турист өтеді. Бұл туралы Невшехир қаласындағы «Қазақстан» бульвары орналасқан Ортахизар ауданының басшысы Әли Ихсан Иженді мырза былай деді: «Қазақстан Тәуелсіздіктің 20 жылдығында халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетті. Ел Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында экономикада да, саясатта да қарышты қадам жасады. Бауырлас ел ретінде Қазақстанның барлық бастамаларын қолдаймыз. Осы ретте біз Түркия мен Қазақстан ұстанымы кез келген мәселе бойынша бірдей болса деген ниеттеміз», - деді аудан басшысы.
Сондай-ақ ол өз сөзінде Ортахизардың Каттатокия ауданының орталығында орналасқандығын және жергілікті халық үшін бұл аймақтың ерекше маңызы бар екендігін атап көрсетті. Мен осы аудан басшысы ретінде Түркия халқының Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтындығын айтқым келеді. Сондықтан да аудан орталығындағы бульварды «Қазақстан» деп атау шешімі қабылданды»,- деді Әли Ихсан Иженді.