Түркия халқы жетім қалған балаларды асырап алуға ниет білдірді - Уфук Екиджи
«Түркиядағы отбасылар жер сілкінісі кезінде ата-анасынан айрылған балаларға патронат отбасы болуды сұрады. Кеше жарияланған ресми мәліметке сәйкес, тіркелген 1 858 баланың 1 645-інің куәліктері анықталды. Олардың 1 314-і анықталып, өздерінің отбасыларына табысталды. 213 бала бойынша куәліктерін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Жер сілкінісі кезінде жетім қалған балалар Түркияның Отбасы істері және әлеуметтік қызмет көрсету министрлігінің қамқорлығында. Олардың жеке басы туралы мәліметтер анықталып, отбасылары табылса, онда балалар өз жанұяларына беріледі. Сонымен қатар, олар үнемі осы министрліктің бақылауында болады. Көп бүлдіршін жарақат алып, күйзеліске ұшырады. Оларға психологиялық көмек керек», - деді Уфук Екиджи.
Уфук Екиджи қазіргі таңда зілзаладан зардап шеккен 1,6 млн Түркия азаматының баспана мәселесі шешілгенін мәлімдеді.
Сонымен қоса, бүгінге дейін жер сілкінісінен қираған және құлау алдында тұрған 156 мың ғимарат анықталған.
Еске салайық, 6 ақпанда Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.