Түркия Израиль президенті үшін әуе жолын жауып тастады

АСТАНА.KAZINFORM — Израиль билігі Бакуде өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Климаттың өзгеруі жөніндегі тараптардың 29-шы конференциясына (COP29) қатысуды жоспарлаған Израиль президенті Ицхак Герцогтың ұшағы үшін түрік әуе кеңістігін пайдаланғысы келді, деп жазады TRT.

Түркия Израиль президенті үшін әуе жолын жауып тастады
Фото: Freepik/AI

Түркия Израиль Президенті ұшағының түрік әуе кеңістігін пайдалану туралы өтінішін қабылдамады, ал Израиль баспасөзінде Ицхак Герцогтың «қауіпсіздік мәселелеріне» байланысты Әзербайжан сапарынан бас тартқаны турал хабарламалар тарады. 

COP29 11-22 қараша аралығында Бакуде өтеді. Форумның басты тақырыбы — 2025 жылдан бастап климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын қаржыландыру. Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша алдағы жұмыстарды талқылайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COP29 жаһандық климат саммитіне қатысты.

Бұған дейін Түркияның Израильмен сауда-экономикалық қарым-қатынастарын тоқтату шараларының екінші кезеңін жүзеге асыруға кіріскенін жазған болатынбыз. Осы жағдайға байланысты тауарлардың барлық топтары бойынша экспорттық-импорттық операциялар тоқтатылды.

Кейін Түркияның Сауда министрлігі Израиль тарапының кейбір мәлімдемелеріне қарамастан, Израильмен сауда-экономикалық қарым-қатынастар толығымен жабылғанын хабарлады.

Түркияның Сыртқы істер министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымына хат жолдағанын мәлімдеді. Оған қол қойған 52 мемлекет арасында Қазақстан да бар. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар — Араб мемлекеттері Лигасы және Ислам Ынтымақтастығы ұйымы бар. Құжат басып алынған Палестина территорияларында, әсіресе Газа секторында халықаралық құқық нормаларын бұзудың алдын алу үшін Израильге қарсы қару-жарақ эмбаргосын енгізуге шақырады.

Соңғы жаңалықтар