Түркия, Қатар, Пәкістан мен Индонезия әскери өндірісті дамытуға келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Аймақтағы жағдайдың күрделенуі мен заманауи қару-жарақ жүйелеріне сұраныстың артуына байланысты төрт мемлекет қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.
Түркия, Қатар, Пәкістан және Индонезия 21 қазанда Дохада қару-жарақты бірлесіп өндіруді, әскери технологиялар алмасуды және төрт елдің қорғаныс әлеуетін арттыруды көздейтін «Бадр» меморандумына қол қойды. Бұл туралы Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі мәлімдеді.
Меморандумға Түркия мен Пәкістанның қорғаныс министрлері, Қатар премьер-министрінің орынбасары әрі қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі, Индонезия қорғаныс министрінің орынбасары және Түркияның Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы қол қойды.
Millî Savunma Bakanı Yaşar Güler’in de iştirakiyle Katar’da gerçekleşen Türkiye, Katar, Pakistan ve Endonezya arasındaki Bedir Mutabakat Zaptı imza töreninden görüntüler... #MillîSavunmaBakanlığı #YaşarGüler https://t.co/cbU9SDXFu2
— T.C. Millî Savunma Bakanlığı (@tcsavunma) October 21, 2026
Араб тілінен аударғанда «толған ай» деген мағынаны білдіретін «Бадр» меморандумы төрт елдің әскери өндіріс саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуді көздейді. Құжат аясында ғылыми зерттеулер жүргізу, жаңа қорғаныс технологияларын әзірлеу, мамандар даярлау және заманауи қару-жарақ жүйелерін бірлесіп жасау бағыттары қамтылған.
Түркияның Қорғаныс министрлігі келісімнің экономикалық маңызына да тоқталып, оның төрт мемлекеттің өндірістік әлеуеті мен технологиялық мүмкіндіктерін біріктіруге жол ашатынын атап өтті.
— Технологиялар алмасу, бірлескен әзірлемелер және ұлттық өндірістік мүмкіндіктерді нығайту — қорғаныс өнеркәсібінің тұрақты дамуының негізі. Біз дайын өнімді сатып алумен шектелмей, елдердің өз кадрлық әлеуеті мен өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беретін әріптестікке ерекше мән береміз, — деді Түркияның Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы Халук Гёргюн.
Оның айтуынша, меморандум Түркия, Қатар, Пәкістан және Индонезияның қорғаныс өнеркәсібіндегі мүмкіндіктерін өзара ұштастырып, нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
🤝 Türkiye, Pakistan, Qatar, and Indonesia sign Badr Memorandum of Understanding to strengthen defense cooperation 📌 Agreement aims to boost joint defense production, enhance military capabilities, and expand cooperation in technical military training and research and development
— Anadolu English (@anadoluagency) October 21, 2026
Anadolu агенттігінің мәліметінше, келісім қол қойылған күннен бастап күшіне еніп, бірлескен жобаларды басқарудың екі деңгейлі жүйесін қалыптастыруды қарастырады.
Атқарушы кеңес ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындап, бірлескен жобаларды іріктеумен айналысады. Ал Стратегиялық кеңес бастамаларды мақұлдап, оларды жүзеге асыру мерзімдерін бекітеді.
Мұндай басқару жүйесі төрт мемлекеттің өзара уағдаластықтан нақты іске көшуіне, қару-жарақ өндірісі, авиация-ғарыш технологиялары және әскери мамандар даярлау салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижелері таяу уақытта жарияланады.
Келісім аясындағы жобаларды жүзеге асыруда қорғаныс өнеркәсібі жақсы дамыған Түркия жетекші рөл атқарады деп жоспарланып отыр.
НАТО құрамындағы әскері саны жағынан екінші орында тұрған Түркия соңғы жылдары Парсы шығанағы елдерімен әскери-техникалық ынтымақтастығын кеңейтті. Атап айтқанда, Қатар аумағында түрік әскери базасы орналасқан. Анкара Доханың қорғаныс қабілетін нығайтуға да қолдау көрсетіп келеді.
Бұған қоса, тамыз айында Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы Меккеде үшжақты өзара қорғаныс туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, қатысушы елдердің біріне жасалған шабуыл үшеуіне де жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.
«Бадр» атты жаңа төртжақты меморандумның сипаты өзгеше. Ол негізінен әскери-өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Құжатқа Таяу Шығыста АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты қақтығыс жалғасып, Парсы шығанағы елдерінің қауіпсіздігіне төнген қатер күшейген тұста қол қойылды.
Еске сала кетейік, Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия әскери ынтымақтастықты нығайтуға келіскені хабарланған болатын.
Бұған дейін Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістанның қорғаныс келісіміне бірнеше ел қосылуға ниетті екенін жазған едік.