Түркия мен Сирия әскери ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия мен Сирия екіжақты қатынастарды, соның ішінде әскери саладағы байланыстарды қалыпқа келтіру бағытында маңызды қадам жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркия мен Сирия әскери ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды 
Фото: tesaaworld.com

Екі елдің қорғаныс министрлері әскери ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен оқытуды, тәжірибе алмасуды және қорғаныс саласында кеңес беруді көздейді.

Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесінде айтылғандай, министр Яшар Гүлер Сирияның қорғаныс министрі Мурхиф Абу Касрамен, сондай-ақ Сирияның сыртқы істер министрі Асад Хасан Шайбани және барлау қызметінің директоры Хусейн ас-Саламамен кездесті.

Келіссөздер барысында екіжақты және өңірлік қауіпсіздіктің негізгі мәселелері, соның ішінде шекарадағы тұрақтылықты нығайту шаралары талқыланды.

Қол қойылған меморандум Анкара мен Дамаск арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін білдіреді. Соңғы жылдары бұл екі ел аймақтағы саяси және әскери қақтығыстарда қарама-қарсы тараптарда болған еді. Жеткен уағдаластықтар аясында бірлескен әскери жаттығулар өткізу, оқыту үшін офицерлер алмасу, сондай-ақ трансшекаралық қауіп-қатерлер мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша диалогты дамыту жоспарланып отыр.

Сарапшылар келісімге қол қоюды екі елдің жақындасуы мен Таяу Шығыстағы шиеленісті азайту жолындағы маңызды қадам деп бағалайды. Тараптар аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мүддесінде ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін білдірді.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл тамыз айының соңына дейін Анкара мен Дамаск әскери ынтымақтастық туралы ауқымды келісімге қол қоюды жоспарлап отыр.

Айта кетелік Эрдоган генералдар мен адмиралдарды тағайындады

Соңғы жаңалықтар