Түркия орман өртімен күресіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның бірнеше провинциясында тұрғын үйлерді, ауылшаруашылық алқаптары мен ормандарды шарпыған орман өртімен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды Anadolu.

Түркия, орман өрті
Фото: aa.com.tr

Бурсада TOKİ тұрғын үй кешені мен Кестелдің Аглашан ауданы арасындағы Гюрсу ауданында өрт шықты. Қатты желден өрт тез таралды. Осыдан кейін Карахыдыр, Игдир және Авданджык ауылдарының тұрғындары эвакуацияланды.

Өртті сөндіру жұмыстары әуеден де, жерден де жалғасып жатыр. Тағы бір өрт Орханелидегі Якуплар ауданында анықталды. Өрт бақылауға алынып, сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Ушак провинциясының Сиваслы аймағында да жағдай күрделі. Онда емен тоғайынан басталған өрт орманды алқапқа тараған. Кетенлик және Эриджи ауылдарында тұрғын үйлер мен қосалқы ғимараттар өртеніп, жүздеген адам эвакуацияланды.

Мерсиннің Силифке аймағына қарасты Чадырлы ауданын орман өрті шарпыды. Өрт ауыздықталғанымен, Чадырлы және Бахчедереси елді мекендеріндегі үйлер мен фермалар зардап шекті. Жергілікті тұрғындар материалдық шығын болғанын айтып жатыр.

Кахраманмарашта Чамлыбель ауданындағы орманда шыққан өрт әлі де сөндіріліп жатыр. Өртті сөндіруге көрші провинциялардың күштері тартылған.

Тағы бір өрт Диярбакыр провинциясының Лиджедегі Дуру ауданында тіркеліп, бірнеше сағаттан кейін сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, 35 гектарға жуық орман өртенген.

Билік AFAD-тың үйлестіруімен және барлық төтенше жағдайлар қызметінің қатысуымен өртті сөндіру тәулік бойы жалғасып жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, 15 күн ішінде Түркияның әртүрлі аймақтарында орман өртіне қатысы бар 17 адам қамауға алынды. Бұл туралы Түркияның Әділет министрі Йылмаз Тунч мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар