Түркия: өсім бар, инфляция үдей түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия билігі Рамазан айында азық-түлік инфляциясының күшейгенін мойындады, ал экономистер бағаның әрі қарай өсуін болжап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu

Түркияның Қаржы және қазына министрі Мехмет Шимшек Рамазан кезеңінде елдегі баға көптеген мемлекетегідей төмендемей, керісінше өсіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік секторы қосып отыр. Сонымен қатар министр алдағы айларда инфляциялық қысым әлсірейтініне сенім білдірді.

AA Finans агенттігінің ақпанда жүргізген сауалнамасына сәйкес, айлық инфляция бойынша орташа болжам 2,87%. Жылдық көрсеткіш қаңтардағы 30,65%-дан ақпанда 31,42%-ға дейін өседі деп күтілуде. Зерттеуге қатысқан 33 экономистің айлық динамикаға қатысты бағалауы 2,30%-дан 3,39%-ға дейін өзгерген.

Түркия статистика институты (TÜİK) жариялаған ресми деректерге сәйкес, ақпанда инфляция 2,96%-ды, ал жылдық көрсеткіш 31,53% болды. 2026 жылдың соңына арналған инфляция бойынша орташа болжам қазір 24,16% деңгейінде. Бұл бизнес пен сарапшылар арасында жоғары инфляциялық күтулердің сақталып отырғанын көрсетеді.

Инфляциялық қысымға қарамастан, ел экономикасы өсімін жалғастырып отыр. Түркия статистика институты (TÜİK) деректеріне сәйкес, 2025 жылы Түркияның ЖІӨ-сі 3,6%-ға артқан, ал төртінші тоқсанда өсім 3,4% болған. Осылайша, оң динамика қатарынан 22 тоқсан бойы сақталып отыр. Ағымдағы бағамен есептегенде ЖІӨ көлемі 41,3%-ға ұлғайып, 63 трлн түрік лирасына жеткен.

Сенімнің қосымша белгісі ретінде жапониялық Rating and Investment Information (R&I) агенттігі Түркияның шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін BB--дан BB-ға дейін көтеріп, болжамды «тұрақты» деп белгіледі. Бұл соңғы сегіз жылдағы алғашқы рейтингтің көтерілуі.

Осылайша, Түркия экономикасы қарама-қайшы көрініс көрсетіп отыр: ЖІӨ-нің тұрақты өсімі мен кредиттік бағалаудың жақсаруы сақталып тұрған инфляциялық қысыммен, әсіресе азық-түлік секторындағы баға өсімімен қатар жүруде. Билік алдағы айларда инфляциялық үрдісті тежей ала ма деген мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр.

Айта кетелік Түркияның ойын индустриясы $1 млрд-тан асты

Соңғы жаңалықтар
Референдум