Түркия Парламентінің спикері жаңа Конституция қабылдауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш елде қолданыстағы негізгі заңның орнына жаңа Конституция қабылдауға шақырды. Қолданыстағы Конституция 1982 жылы әскери төңкеріс жасағандар тарапынан қысыммен қабылданған, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш
Фото: Азертадж

Агенттіктің мәліметінше, ол жаңа «азаматтық» Конституцияны Түркияға аса қажет құжат деп бағалады.

— Біз әскери төңкерістердің ащы тәжірибесін ұмытпаймыз және олардың қайталануына жол бермейміз, — деп жазды Нуман Куртулмуш 1980 жылғы 12 қыркүйектегі әскери төңкеріске 45 жыл толуына орай әлеуметтік желіде жарияланған үндеуінде.

Парламент спикері 1980 жылғы қыркүйектегі оқиғаларды Түркиядағы демократияға, заңға және қоғамдық бейбітшілікке жасалған «үлкен опасыздық» деп атады.

Сондай-ақ, ол Түркия билігінің бірлік пен демократиялық институттарды нығайту бағытындағы күш-жігеріне назар аударды.

— Түркия тарихындағы қаралы беттер енді қайталанбайды, — деді Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы.

Осыдан бұрын Түркияның көлік министрі жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл төлегенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар