Түркия президенті жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарға баспана кілтін табыс етті

АСТАНА. KAZINFORM - Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Хатайда жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарға баспана кілтін табыс ету рәсімінде сөз сөйледі. Бұл туралы Анадолы ақпарат агенттігі жазды.

Түркия президенті жер сілкінісінен зардап шеккен 7 мыңнан астам адамға баспана кілтін табыс етті
Фото: Анадолы

«Зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін жер сілкінісі болған аймақта бенефициар саны 390 мың адам болатыны анықталды. Бүгін біз 7 мың 275 азаматқа баспана кілтін табыстап жатырмыз, оның 6 мың 572-сі провинция және аудан орталықтарында, 703-і - ауылдық жерлерде», - деді президент Ердоған.

Түркия президентінің айтуынша, зілзала болған аймақта тағы 75 мың үй 2 ай ішінде тапсырылады.

«Жылдың соңына дейін біз 200 мың үйді тапсырып, бірінші тас қаланғаннан кейін құрлысыты бір жыл ішінде аяқтау туралы уәдемізді орындаймыз. Біздің мақсатымыз – ай сайын 15-20 мың үй мен кенттегі үйлерді заңды иелеріне беру», - деді Режеп Тайип Ердоған.

Түркия президенті жер сілкінісінен зардап шеккен 7 мыңнан астам адамға баспана кілтін табыс етті
Фото: Анадолы

«Азаматтарымыз тыныш болсын. Олар өз мемлекеті мен үкіметіне сенуі керек. Мақсаттарымызға қарай алға жылжып жатқанда ықтимал қауіптерді, әсіресе жер сілкіністерін, лаңкестік және экономикалық тұзақтарды бір-бірлеп жоюға бел будық», - деп атап өтті Түркия президенті сөз соңында.

Еске сала кетсек, 6 ақпанда эпицентрі Түркияның оңтүстік-шығысындағы Қахраманмарашта магнитудасы 7-ден асатын екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда да сезілді. Түркия мен Сирияда мыңдаған адам қаза тапты. Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 50 мың адамнан асты.

Соңғы жаңалықтар