12:30, 26 Мамыр 2010 | GMT +5
Түркия Президенті Астанадағы Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Түркия Президенті Астанадағы Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, гүл шоқтарын қою рәсіміне Қазақстан тарапынан Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов қатысты. Сонымен бірге онда Түркия Президентімен еріп жүрген делегация мүшелері және Астанадағы Түркия елшілігінің өкілдері болды.
Гүл шоғын қою рәсімінен кейін Абдолла Гүл Астанада жаңадан салынған Түркия елшілігіне қарай бет алды.
Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш ашылған еді. Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші Ж. Тәшенов көшесі бойындағы саябақта орнатылған. Қоладан жасалған ескерткіштің тұғыры граниттен қаланған. Биіктігі 4,4 метр, салмағы 5,5 тонна.