Түркия Ресейден алған С-400-ді Ирак шекарасына жақын орналастыруы мүмкін

АСТАНА.KAZINFORM — Түркия Ресейден сатып алған С-400 зенитті-зымыран кешенін көрші Иракпен шекара сызығына орналастыруы мүмкін, деп жазады ТАСС.

турция
Фото: pixabay.com

Türkiye басылымының хабарлауынша, шекара аймағына С-400-ді орналастыру процесі мұсылмандардың Құрбан айт мерекесі аяқталғаннан кейін немесе келесі аптада жүргізілуі мүмкін.

Сондай-ақ, газет Түркия Ирактың солтүстігін Күрдістанның жұмысшы партиясынан тазарту мақсатында трансшекаралық операция жүргізу жоспарларын дайындауды аяқтағанын, аймаққа әскери бөлімшелер мен тыл бөлімдерін ауыстыру басталғанын хабарлайды. Басылымның хабарлауынша, операция түрік президенті Режеп Тайып Ердоғанның Иракқа сапарынан кейін жасалуы мүмкін. Сапар 22 сәуірге жоспарланған.

Ердоған бұдан бұрын Түркия жазға қарай Иракпен шекара сызығын толығымен бақылауға алып, Сириядағы лаңкестікпен күрес жұмысын аяқтайтынын мәлімдеген. Ирактағы операцияның мақсаты - солтүстік аймақтарды 40 шақырым тереңдікке дейін Күрдістан содырларынан тазарту болмақ.

Стар газетінің хабарлауынша, армия операциясы алдында шекаралық аймақтарда қауіпсіздік аймақтары құрылып, кейіннен жандармерия бөлімшелерінің бақылауына өтеді. Операцияға негізінен құрлық әскерлерінің арнайы жасақтары мен жандармерия әскерлері қатысады. Оларға Түркия әуе күштері әуеден қолдау көрсетіп, бірінші кезекте Күрдістан жұмыс партиясының негізгі күштері орналасқан Кандил және Гара аймақтарына соққы береді.

Түркия билігі КЖП-ны ұлттық қауіпсіздікке төнген басты қауіп деп санайды. Республика армиясы Ирактың солтүстігінде және 2015 жылдан бері Сирияның солтүстік аймақтарында күрд содырларына қарсы операцияларды жүйелі түрде жүргізіп келеді.