Түркия шекарада қауіпсіздік шараларын күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыс аймағындағы шиеленіске байланысты Түркия мемлекеттік шекарада барлық қауіпсіздік шараларын қабылдап жатыр, деп хабарлайды Анадолы.

Түркия шекарада қауіпсіздік шараларын күшейтті
Фото: Анадолы

Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс аясында Түркия шекарасын заңсыз кесіп өту әрекеттерінің артқаны әзірге байқалмайды. Бұл туралы Түркия Ұлттық қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Зеки Актюрк апта сайынғы брифингте мәлімдеді.

Ол Түркия Қарулы күштері көші-қон қозғалыстары болуы мүмкін деген қауіпке байланысты барлық қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдап жатқанын атап өтті.

Спикердің айтуынша, соңғы бір аптада Түркия шекарашылары 122 адамды ұстаған, олардың ішінде террористік ұйымдарға қатысы бар 2 адам анықталған. Ал жыл басынан бері ұсталғандар саны 2681 адамға жеткен.

Осыдан бұрын Израильдің Иранға соққысынан кейін Түркия қауіпті аймақтарды айналып өтетін жаңа ұшу бағыттарын енгізгенін жазған едік.

Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Иран аумағына жаппай соққы жасады. Бұл шабуылдың салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) бірқатар жоғары лауазымды командирлері мен ядролық физика саласындағы ғалымдар қаза тапты. Иран сондай-ақ Натанз қаласындағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, бірақ радиацияның таралу фактісін жоққа шығарды.

 

Соңғы жаңалықтар