Түркия табиғи апатпен күресу үшін жаңа ведомство құрады
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия билігі кезекті мемлекеттік органды құруға кірісті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Белгілі болғандай, жаңа табиғи апаттардың алдын алу министрлігі табиғи апаттың алдын алу және жою жөніндегі күш-жігерді үйлестірумен айналысады.
Бастама ел үнемі зардап шегетін, жиі болатын табиғи апаттармен күресте тиімділікті арттыруға бағытталған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жаңа министрліктің қарамағына қазір муниципалитеттердің қарамағындағы өрт сөндіру қызметтерін, сондай-ақ төтенше жағдайларға ден қоюға қатысатын басқа мекемелерді беру жоспарланып отыр.
Жаңа құрылым сонымен қатар ғимараттардың жер сілкінісі, су тасқыны және өрт сияқты табиғи апаттарға төзімділігін арттыру мақсатында құрылыс нормалары мен стандарттарының сақталуын бақылау өкілеттігіне ие болады.

Министрліктің құрылуы әсіресе елдегі өрт қауіпті болып тұрған жағдайда өзекті болып отыр. Анталья мен Мугла провинцияларында үлкен аумақтарды шарпыған жаппай орман өрті қайтадан басталды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, Аланья (Анталья) және Милас (Мугла) аудандарында өрт болған. Түнде басталған өрт қатты желдің әсерінен тез тарады. Бұл жерде орман шаруашылығы басқармасының, Түркия Үкіметінің төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының (AFAD) бригадалары, муниципалды өрт сөндіру бөлімдері, жандармерия және еріктілер жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар да өртті сөндіруге белсенді түрде көмектесіп жатыр.
Шұғыл қызметтер қауіпті аймақтағы елді мекендерден халықты эвакуациялап жатыр.