Түркия табиғи газ импортын қысқартты
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы уақытта Түркияға газ жеткізу көлемі жылдық мәнде 21,7%-ға төмендеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі Daily Sabah басылымына сілтеме жасап.
Түркияның Энергия нарығын реттеу басқармасының (EPDK) мәліметінше, шілдеде табиғи газ импорты шамамен 3,06 млрд текше метрді құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес айындағы көрсеткіштен 21,7%-ға аз. Оның ішінде құбыр арқылы жеткізілген газ көлемі 2,87 млрд текше метр, ал сұйытылған табиғи газ көлемі 194,05 млн текше метр болды.
Құбыр арқылы газ жеткізудегі ең ірі үлес Әзербайжанға тиесілі – 1 млрд текше метрден астам. Одан кейін Ресей – 948,49 млн текше метр және Иран – 919,33 млн текше метр. Түркия сұйытылған табиғи газдың барлық көлемін Алжирден алған.
Табиғи газ тұтыну көлемі де 25,2%-ға төмендеп, 2,65 млрд текше метрді құрады. Ал шілде айының соңында газ қоры 5,64 млрд текше метрге жетіп, бір жылда 30,5%-ға өсті.
Шілдеде мұнай және мұнай өнімдерінің импорты шамамен 4,52 млн тоннаны құрап, жылдық мәнде 6,9%-ға азайды. Бұл ретте шикі мұнай импорты 0,32%-ға өсіп, 2,93 млн тоннаға жетті.
Мұнай мен мұнай өнімдерінің негізгі жеткізушісі Ресей болып қалды – 1,66 млн тонна. Одан кейін Ирак – 653,5 мың тонна және Қазақстан – 508 мың тонна. Қазақстанның үлесі жалпы импорт көлемінің 11,24%-ын құрады.
Бұған дейін Түркия энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Айта кетелік Түркия Айға ұшатын аппаратын әзірлеуді аяқтады.