Түркия тамыз айында Әзербайжан газын Сирияға экспорттауды бастайды

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан газы Алеппо қаласына Түркияның Килис провинциясы арқылы жеткізіліп, Сирияның солтүстігін электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл туралы Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар мәлімдеді.

Турция начнет экспорт азербайджанского газа в Сирию в начале августа
Фото: Anadolu

Министрдің айтуынша, газдың алғашқы партиясы Сирияға 2 тамыз күні жөнелтіледі. Жеткізу жұмыстары мамыр айында құрылысы аяқталған Килис пен Алеппоны жалғайтын газ құбыры арқылы жүзеге асады.

— Сенбі күні біз Килис арқылы Алеппоға Әзербайжан газын экспорттауды бастаймыз, — деді Байрактар Анкарада Anadolu агенттігінің редакциялық кездесуінде сөйлеген сөзінде.

Жоба аясында 6 миллион текше метр газ пайдалану жоспарланып отыр. Бұл көлем 1200 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Газ Түркия мен Әзербайжан арасындағы своп тетігі арқылы, Қатардың қаржылық қатысуымен жеткізіледі.

Бастапқы кезеңде бұл жеткізілімдер Сирияның солтүстігіндегі электрмен қамтуды тәулігіне қазіргі 3-4 сағаттан 10 сағатқа дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Министрдің мәліметінше, Түркия қазірдің өзінде Сирияның солтүстігіне электр энергиясын экспорттап отыр және қолданыстағы электр желілері арқылы жеткізіліп жатқан қуатты 280 мегаваттқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

— Біз сондай-ақ қуаттылығы 500 мегаватт болатын Биджерик – Алеппо желісін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл желінің Түркия аумағындағы бөлігі сақталған, ал Сирия жағындағы бөлігі жөндеуді қажет етеді. Қалпына келтірілгеннен кейін біз 900 мегаваттқа дейін энергия экспорттай аламыз. Бұл шамамен 1,6 миллион үй шаруашылығының қажеттілігін өтейді, — деді Байрактар.

Ол сондай-ақ бірқатар халықаралық санкциялардың жеңілдеуі осындай жобаларды жүзеге асыруға жол ашып, Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға, соның ішінде босқындардың оралуына ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, Түркиядағы Ақкую атом электр станциясының бірінші реакторы 2026 жылы іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар